Аннотации:
Жаһандану дәуіріндегі мәдени кеңістікке кіретін әдебиет,
өнер, тарих, кино сынды салалардың қоғам өмірі мен адам санасына әсерін
анықтау – күн тәртібінен түспеуге тиіс мәселенің бірі. Мәдениеттің мәнін
түсіну үшін мәдени интерпретация ұғымына, функциясына жүгіну аса
маңызды. Бұл өз кезегінде өнер және әдебиет туындыларын олардың мәдени
бастау, мағына контекстінде түсінуге, тұжырым жасауға негіз болады.
Мәдени интерпретация мәдениетпен бірге жүретін жүйе. Ұғым ретінде
де, тұжырым ретінде де тарихи тұрғыда зерттеліп, ғылыми айналымға
енгеніне 2 ғасырға жуық уақыт болды. Мақалада салыстыру, бағалаудан
бастау алған мәдени интерпретация қазір түрлі бағытта басымдығы бар
зерттеудің қуатты құралы ретінде қарастырылады.
Зерттеу жұмысында түрлі тарихи кезеңдердегі мәдениет саласының
интерпретациялық проблемаларының процесі талданады. Мәдениеттер
арасындағы өзіндік ерекшеліктерге ұлттық дүниетаным призмасынан қарап,
туындыларға талдау жасалады. Қазақстандық кинолардың мәдени мәні,
дәстүр мен діндегі сабақтастық мәселелеріне назар аударылады. Сана
дағдарысына ұшыратуы мүмкін құбылыстар анықталып, тарихи талдау
жүргізіледі. Мәдениет арқылы елдің саяси-экономикалық жағдайынан бастап
бар саласын бағамдауға болатыны мысалдармен дәлелденеді. Демек
мәдениетті мемлекеттің тіреуіші ретінде зерттеу қай қырынан қарасақ та аса
маңызды аспект.