Аннотации:
Ақпараттық дәуірдің ақпарат жеткізудегі ең тиімді, әрі ең жылдам әдістерінің бірі – символдарды пайдалану. Әсіресе, визуалды символдардың тиімділігі
уақыт өткен сайын айқын сезілуде. Өйткені қазіргі аудитория визуалды ақпаратты
жақсы қабылдауға бейімделген. Оған Интернет, түрлі цифрлық технологиялар ықпал
етуде. Осындай ерекшеліктерге байланысты ақпарат таратуда, қандай да бір ұйымдастырушылық шараларында болсын символдарды қолдану белсенділігі де артты. Символдардың ақпараттық-коммуникациялық және ұйымдастырушылық қызметі көне
дәуірден бері қарай жалғасып келеді. Оның әлі де өзекті болуының себебі коммуникацияға жағымды ықпалы, қолданысқа ыңғайлы, әрі тиімділігінде болып отыр. Бұл зерттеу
мақаламызда символдардың осындай ерекшеліктерін қарастырған бұған дейінгі ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, қазіргі кездегі ақпараттық-коммуникациялық және
ұйымдастырушылық қызметінің негізгі аспектілеріне ғылыми-теориялық талдаулар
жасалады. Күллі әлемді шарпыған COVID-19 індеті кезінде кәдімгі масканың ұйымдастырушылық-ақпараттық және коммуникациялық қызмет атқарған символ ретіндегі
сипатына да ғылыми тұрғыдан саралау жүргізілді. Символдардың жалпы танымдық, қарым-қатынастық және тарихи код ретіндегі ерекшелігіне байланысты көптеген зерттеушілердің еңбектеріне сілтеме жасалды. Қоғамдық қатынастардағы маңызына ғылыми баға беріледі және визуалды символдардың ықпалдылық категориялары сарапталады.