Аннотации:
Әлем ғалымдарының айрықша назарын көне заман адамдарының
дүниетанымынан тарайтын мифтің өз алдына дербес қызметі, структуралық
түзілісі, мазмұны, адамзаттың ойлау ерекшеліктерімен байланысты табиғаты
аудартып келе жатыр. Мифті зерттеудің әдістемесі мен теориясы
антропологияның, әлеуметтанудың, фольклортану мен психологияның ғылыми
жетістіктері тұрғысынан әр түрлі аспектіде зерттелу үстінде. Бұған жер бетінде
байырғы мәдениетті сақтап қалған халықтар мен тайпалардың деректерімен бірге,
мифтің антикалық дәуірден бері қағазға түскен үлгілері нысана етіп алынуда.
Бұдан басқа мифтің көрініс тапқан саласы – эпос, аңыз, ертегі, ғұрыптық
фольклормен бірге жеткен үлгілері де өз алдына үлкен сала құрайды. Осы
мәселеде мифтің өзі ғана емес, оның жанрлық өзгеріске ұшырауы туралы да сөз
қозғаудың жөні бар. Себебі фольклордағы миф замана контексінде өзгерген,
идеологиялық өңдеуге ұшыраған, жанрдың (мәселен, эпостың) өзгешелігіне
икемделген болып табылады.
Мұндай заңдылық түркі халықтарының эпостық жырларындағы мифке де,
мифтік кейіпкерлерге де қатысы бар. Іс жүзінде эпос – байырғы миф, ертегі, аңыз,
ғұрыптық фольклор түрлерін синтездік сүзгіден өткізіп барып, дербес
қалыптасқан жанр. Ондағы мифтік мотивтер, ұғымдар, кейіпкерлер эпостың
жанрлық табиғатына икемделген.
Аталған мақалада миф поэтикасының және эпос поэтикасының типологиясын
ашып көрсетуде түркі халықтарының рухани мұраларын, эпостары мен мифтерін
салыстыра қарастыру, соның негізінде тың тұжырымдарға қол жеткізу, оларды
ортақ мәдени мұра ретінде білу міндетін орындауға бағытталуы мақаланың
өзектілігін арттыра түседі. Түркі халықтарының фольклорын зерделеп, зерттеп,
меңгерген сайын түбі бір түркілік болмысымыз да әр қырынан ашыла түседі.