dc.description.abstract |
. Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған
бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор. Орта ғасырда Еуразия кеңістігінде
Дешті қыпшақ мемлекетін құрып, әлемдік өркениет пен мәдениетке өз үлесін қосқан
қыпшақтардың артында қалған мол мұра әр кезеңде түрлі әліпбилермен жазылғаны
мәлім. Армян графикасымен қыпшақ тілінде жазылған мұралар дін, әдебиет, тарих,
құқық, философия, жаратылыстану ғылымдарына негізделіп, өмірдің саяси-экономикалық, тарихи-мәдени салаларын қамтыды. XX ғасырдан ғалымдардың тыңғылықты
зерттеу нысанына айналған армян-қыпшақ мұралары шетелдік басылымдарда жарияланып, транскрипцияланып, сөздіктермен, аудармалармен толықтырылып, сыры
күн санап ашыла түсті. Ғалымдар тарапынан сан түрлі ғылыми пайымдаулар мен
көзқарастар толастамай, «армян-қыпшақ» термині ғылымға енгізіліп, орта ғасырдағы
қыпшақтар мен армяндардың өмірі мен тіршілігі, мәдени байланыстары соны зерттеулерге арқау болды. Бүгінде осынау ауқымды жанрлық сипатта жазылған армян-қыпшақ
мұраларының тілдік ерекшеліктерін тереңірек зерттеу қажеттілігі сезіледі.
Сан-мөлшер категориясы түркі тілдері теориялық грамматикасының өзекті әрі сан
түрлі пікір-көзқарасты тоғыстырған тақырыптарының бірі болып саналады, бұған
осы тақырыпта жылдар бойы жинақталған зерттеулер мен ғылыми жұмыстар куә.
Аталмыш грамматикалық категорияны зерттеу түркі тілдерін тарихи тұрғыда
зерттеумен тығыз байланысты және өз бастауын көне дәуір ескерткіштері тілінен
алады. Мақалада зат есімнің сан-мөлшер категориясының тарихи генезисі ғалымдардың еңбегі негізінде айқындалып, көптік жалғауларының көне түрк, орта ғасыр дәуірі ескерткіштері, армян-қыпшақ ескерткіштері тіліндегі көрінісі жүйелі түрде талданады. |
ru |