Аннотации:
Мақалада қазақ ауыз әдебиеті жанрлары мәтіндерінің бастапқы және аяққы позицияларының ерекшеліктері лингвофольклортану тұрғысынан талданады. Фольклорлық мәтіндердің бастапқы және аяққы шендерінің жалпы мәтіндегі функциялары баяндалады.
Фольклорлық жанрлардың белгілі бір синтаксистік формулалармен басталып, солайша аяқталуы типтік құбылысқа жатады. Фольклортану ғылымы мұны жаттанды нәрседей қабылдайды. Алайда
бұл позицияларды лингвофольклортану тұрғысынан қарағанда біраз жайттардың мәні ашылады, бастапқы және аяққы шендердің функциялары анықталады, олар: мәтіннің басталуының белгілері, баяндау
барысына өту амалы, тақырып пен негізгі идеяны байланыстыру, сюжет пен мәтіннің субъективтік модальділігінің байланысын орнату, оқиғаны түйіндеу, ғибрат беру, мәтінді декодтауға ықпал ету.
Сонымен қатар бұл позициялардың прагматикалық мәні зор, ол оқырманды оқиғаға кірістіруінен, ақпаратқа қызықтыру, тарту, шығармаға ерекше көңіл аудартудан, коммуникативтік ахуалды модельдеуден, белгі беру немесе мәтін бөліктерін межелеуден, оқырманға эстетикалық әсер беруінен,
мәтінде жалпы тартымды сарын туғызудан, оқырманға ерекше зейін қойғызу және оны қызықтыруынан көрінеді. Осы жайттардың бәрінің лингвистикалық бірліктермен берілу жолдары бар. Ол жолдар фольклорлық жанрлардың әр жанрында әртүрлі. Мақала «Қазақ фольклорын тілдік-жанрлық зерттеу» ғылыми жобасының шегінде жазылды.