Abstract:
Тарихы терең түркілердің өзіндік өркениетін қалыптастыруда,
түркі қоғамында ер атаулы «тал бесіктен тас үйінді бесігіне» дейін жауынгерлік
рухта тәрбиеленді. Елді, жерді, туған жұртын қорғауды ең негізгі мақсат тұтты,
бір сөзбен, түріктер асқан батырлық пен ерлікті мадақ тұтып ат жалында, қаружарағымен ұдайы жорықтармен өмір кешті, бүкіл қоғам қашанда әскери дайындықта, әскери өңірін күн сайын дамытып тіршілік етіп жатты. Өйткені
шабуылдарға тойтарыс беру, ата жауымен ұдайы соғысу үрдістері толастаған
емес еді. Қытай деректерінде түркілер туралы «оларда мүйіз нақышты садақ,
ысқырма жебе, сауыт, найза, қылыш және семсер бар. Адамдары атқа мықты,
садақ тартуға шебер, жаратылысынан жауыз болады...» делінген. Осыған орай
түркі ортағасыр жазба ескерткіштеріндегі қару жараққа қатысты лексемаларды
зерттеп зерделеу өте маңызды.
Түркі жазба ескерткіштерінде жалпы қару-жарақ жайында мол мағлұмат
алуға болады. Оған деректерде жетерлік. Табылған ескерткіштерден не жазба
мұра болып қалған әдебиеттерден түріктерде (түркілерде) жеңіл әрі ауыр
қаруланған әскерлер болғандығын аңғаруға болады. Жеңіл тобына атты және
жаяу әскерлер жатады. Онда алдыңғы саптың шапшың қимылды салт атты
садақшылар тобы бар. Ендігі кезекте мақала тақырыбына сай, сол қашықтықтан
атылатын қару түрі садаққа талдау жасалынады.