Аннотации:
Мақалада Ибн Синаның фәлсафалық көзқарастары қарастырылған. Зерттеудің мақсаты ортағасырлық ғалым, дәрігер Ибн Синаны фәлсафаны алғаш жүйелеп берген және биік шыңға жеткізген философ ретінде
таныту арқылы оның фәлсафалық ілімі мен көзқарастарына талдау жасау.
Зерттеуде ойшылдың фәлсафаны ғылым ретінде қалайша қарастырып, зерделегені баяндалады. Ибн Сина фәлсафа бірінші болмысты қарастырады, ал
кейін болмыстан туындаған дүниелерді зерттейді деп білген. Ойшыл болмысты «Вуджуд» деп анықтаған. Ал, Вуджудтың қажетті себебі ол Құдай
екенін дәлелдейді. Құдай дегеніміз Ибн Сина философиялық ілімінде Хақ
сөзімен анықталады. Ойшыл құдай мен табиғат ара-қатынасын жаратушы
мен жаралушы ара-қатынасы ретінде емес, себеп-салдарлық өзара әрекет
етуші байланыс ретінде қарастырады.
Сонымен қатар, мақалада фәлсафаның негізгі мәселелері болып табылатын сұрақтар қамтылған. Олар адам мәселесі, адам мәні, болмысы, физикалық және рухани дамуы. Сондай-ақ, кеңістік, уақыт, жан, дене және
жалпы таным теориясының сұрақтары баяндалған. Бұл мәселені Ибн Сина
ақыл-ой, тәжірибе негізінде шешкен. Тәжірибеде, сыртқы әлем заттарында
бар нәрсеге сүйеніп, олардан табиғи заңдылықтарды шығарады. Тәжірибелік,
сезімдік тану Ибн Сина бойынша табиғатты танудың алғашқы кезеңі болып табылады. Осы ретте ойшыл тану процесі кезінде сезім мүшелерінің
рөлі мен күшін терең, әрі жан-жақты зерделеген.