Аннотации:
М.Ж. Көпеевтің соңына қалдырған мол рухани мұраларына тереңірек үңілер болсақ оның әсіресе, публицистикалық шығармалары әлі де болса толық зерттеле қойған жоқ деп айтуымызға әбден болады. Жалпы М.Ж. Көпеевтің публицистикалық мұраларын екі салаға бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – өлең түрінде жазылған публицистикалық еңбектері. Өлең түріндегі
публицистикалық дүниелеріне 1907 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Тірілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» және «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітаптарын жатқызамыз. Бұл
екі кітаптағы өлеңдердің мазмұны ұқсас. Екеуінде де ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ халқының
қоғамдық-саяси, шаруашылық өмірі жазылған. «Тірілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыздың», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабынан өзгешелігі - мұндағы бір бөлім қара сөзбен
жазылған. Өлеңдердің негізгі түйіні – патша империясының отаршылдық езгісінен құтылу. Мұнда
Ресейдегі саяси-шаруашылық өзгерістердің қазақ өміріне әсері баяндалады. Ғасыр басындағы Қазақстанның саяси өмірі мен әкімшілік-басқару құрылымы, ұлттық психологиясы жан-жақты ашып
қөрсетілген. Осылайша, Мәшһүр Жүсіп қазақ қоғамының жан айқайын түсіне білді. Оны ашына
жазды. Қазақтар босқа даурығысып, құр мансапқа таласып жүргенде, ел мен жерді орыстар басып
алып, қоныстанып жатқандығын айтты. Ол қазақтың ата қонысының қолдан кете бастағанына күйінді. Жұрттың күйзелген қамын ұлт ынтымағы арқылы түзетуге болады деп ұғынды. Туған халқын бірлікке шақырды.
Мақалада Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің публицистік шығармаларының мән-мазмұны ашылып, бүгінгі күн тұрғысынан баға берілген.