Abstract:
Мақалада Қазақстандағы цифрландыру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі қарастырылған. Тарихта адамзат өркениетін дамытуда бірнеше ақпараттық серпілістер болғаны анық. Мәселенің төркіні өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында жапон ғалымдары
ұсынған «ақпараттық қоғам» туралы қазіргі заманғы озық идеядан бастау алды. Аталмыш идея
адамзат өркениетінің, ғылымы мен білімінің кешенді де ауқымды өрлеуін, мемлекеттің қоғамдық-саяси құрылымын жетілдіру мен тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі орасан зор әлеуетімен
көптеген елдердің назарына ілікті.
Қазақстан жаңа дәуірге – цифрлық дәуірге аяқ басты. Цифрлық индустрияны дамыту
басқа барлық салаларға серпін береді. Елімізде цифрландырудың негізі болып табылатын ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізудің қолға алынғанына біршама уақыт болды. Шикізатқа емес, ғылым-білімге, ақпараттық технологияларға негізделетін экономикалық даму үрдісі қалыптасып отырған қазіргі кезеңде елдің ақпараттық ресурстарын молайту міндеті қойылып, ол өз
шешімін тауып келеді.
Ең маңыздысы – жаңа технологияларға негізделген цифрландыру арқылы ашықтық және
жеделділік қалыптасады. Бұдан шығатын қорытынды: цифрландыру – Қазақстанның болашағы.
Аталмыш бағдарлама ақпарат көшін бастап өркениетке ұмтылған БАҚ саласына зор жауапкершілік
пен айқын міндеттер де жүктейтіні аян. Бұқаралық ақпарат құралдары дамуының қазіргі таңдағы
тенденциясы – ақпараттық қоғамға бетбұрыс болып табылады. Әлемдік журналистика жаңа сапалық деңгейге-цифрлық теледидар бағдарламалары мен баспасөз өнімдерін өндіруге көшті.