Abstract:
ХХ ғасырдың басы қазақ халқының тарихындағы аса күрделі әлеуметтік
және қоғамдық-саяси қайшылықтары көп кезең. Ғасыр басы қазақ қоғамының рухани
өмірінде аса маңызды жаңалық ұлт зиялыларының қалыптасуымен ерекшеленді. Зерттеу нысанына сол күрделі кезеңдегі елдің елдігін, ұлт тұтастығын сақтауды мақсат
етіп алған басылымдар алынды.
Аталған мақала ХХ ғасыр басында жарық көріп, қазақ қоғамына бағдаршам іспеттес
болған мерзімді басылымдардың пайда болу тарихынан ақпарат береді. Басылымдардың
ішіндегі қазақ азаматтарының басын біріктірген, ұлттың құндылығын сақтауда қызмет жасаған «Қазақ» және «Ақ жол» газеті туралы жазылған.
Сол кезеңде патша өкіметінің қазақ жеріндегі отарлық билік орындарының ұстанған
саясаты қазақ зиялылары тарапынан да өткір сынға алынған болатын. Біздің зерттеу
нысанамызда ұлт тұтастығын сақтаушы, қозғаушы күші ретінде басты мақсатына
жеткен ұлттық көзқарастағы басылымдар.
Мақалада алаштықтардың үнқағазына айналған «Қазақ» және «Ақ жол» басылымдарының бағытына тоқталдық. Әртүрлі тақырыпта жарияланған мақалаларға жеке-жеке
тоқталып, қоғамда газет қамтыған тақырып аясына кеңінен зерттеу жасалынды.
Екі газеттің жарық көрген уақыты мен қоғамдық ортасын салыстырып көрер болсақ,
«Ақ жол» газеті жаңа жағдайда ұлттық саяси ойды сапалық жаңа деңгейге көтере алды
десек, «Қазақ» газетінде көтерілген идеялар «Ақ жолдың» қызметінде отарлық билік
нығайған кеңестік қоғамның нақты өмір шындығымен бетпе-бет келіп, іс жүзінде күрделі кезеңнен өтіп жатқанына көз жеткіздік.
Мақаланың ғылыми маңыздылығы «Қазақ» және «Ақ жол» газеттеріндегі жарияланған
мақалаларды салыстырмалы түрде зерттелуімен дараланады.
Зерттеу әдістемесі жүйелі тәсіл,таңдау, талдау әдісін қарастырады. Зерттеу нәтижесі жарияланған мақалалардың жүйелі қатарын жасау болып табылады.
Практикалық маңыздылығы зерттеу нәтижелерін арнайы және элективті пәндер бойынша журналистика мамандығының оқу процесіне енгізу мүмкіндігіне ие.