Abstract:
Мақалада көпшілікке беймәлім, алайда қазақ халқының көрнекті өкілдерінің
бірі – заңгер, аудармашы Сейдәзім Құлмұхамедұлы Қадырбаевтың патша өкіметі тұсындағы оқыған оқу орындары мен оқу үлгерімі және мұғалімдік мамандықты бітіргендігіне қарамастан алғашқы қызметін заң саласында аудармашылықтан бастауының
себептері, қарастырылып отырылған кезеңдегі қазақ халқының дәстүрлі өмір салтын
өзгеріске ұшыратқан қоғамда орын алған жағдайлармен байланыстырыла отырылып
қарастырылады. Қызмет барысында сатылап көтерілуі де мұрағат деректерімен дәйектеле отырылып зерттелген. Сонымен қатар, тақырыптың зерттелу деңгейіне мән
беріліп Сейдәзім Қадырбаевтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты азды-көпті мәліметтер беретін ғылыми әдебиеттерге шолу жасалды. Ресейлік және отандық ғылыми әдебиеттердегі көптеген мәліметтер мен ресейлік және отандық мұрағаттардан алынған деректерге салыстырыла отырып, талдау жасалды. Талдау нәтижелері
Сейдәзім Құлмұхамедұлы Қадырбаевтың өмірбаянынан көпке мәлім емес фактілерді
анықтап, жүйелеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, қазақ зиялыларымен достық, ағалық
байланыста болуы, оның одан әрі дамып жетілуінің негізі болғандығы және ХХ ғасырдың
басында, империяда саяси белсенділіктің оянуы кезінде яғни революция және азаматтық
соғыс кезеңінде ол халықтың саяси және азаматтық мүдделерін қорғауға бағытталған
саяси күштермен ынтымақтастық жасауына ықпал еткені де нықтыланды. Мақалада
Қадырбаевтың Алаш – Орда саяси ұйымының белсенді қайраткері ретіндегі қызметіне
және арнайы заң білімінің болмағандығына қарамастан ол заң саласында сатылап көтерілуі, өзін сауатты, білікті қызметкер ретінде таныта білуі, сонымен қатар, заң
саласына қажетті көмекші құралдар жазып бірнеше заңдарды орыс тілінен қазақшаға
тәржімалап, оларды қазақ елінің тұрмыс салтына бейімдей отырып жазу арқылы сауатсыз халықты құқықтық қорғауға қосқан үлесі және Қазақстанның заңтану ғылымын кәсіби деңгейде зерделеген, соның ішінде, алғашқылардың бірі болып құқық теориясының мәселелерін кәсіби деңгейде талдаудан өткізіп, құқықтану бағытында бірнеше еңбектерді қазақшаға тәржімалаған қайраткерлердің бірі ретінде де баға берілді.