Abstract:
Мақалада қазақ транстопожүйесінің аймақтық кейбір мәселесі қозғалады. Трансшекаралық қазақ топонимиясына қатысты түйткілді мәселелердің қатары ауқымды екендігі белгілі. Мақалада соның бір ғана бөлігі – трансшекаралық топожүйедегі бинарлық атаулардың жайы сарапталады. Ондағы мақсат – семантикалық қарама-қарсылыққа құрылған топонимдердің этимологиясын қарастыра отырып, олардың бойындағы бинарлық оппозицияның қаншалықты айқын екендігін зерделеу. Сол арқылы топонимдердің номинациялану принциптерін айқындау. Зерттеудің эмпирикалық материалы ретінде Ресеймен шектес жатқан солтүстік және батыс өңірлерінің топожүйесі алынды. Шекаралық әкімшілік-аймақтық бөлініс бойынша еліміздің СҚО, Павлодар, Қостанай, БҚО, Ақтөбе, Атырау секілді облыстарының бірқатар ауданы Ресеймен шектеседі. Мақалада осы трансшекаралық аймақ топонимдерінің бойындағы бинарлық атаулардың қатары түзіледі. Атап айтқанда, Үлкен – Кіші, Ақ – Қара, Қара – Сары, Жақсы – Жаман, Жылы – Суық, Ащы – Тұщы бинарларының қатары талдауға түседі. Топонимдік бинарлық атаулардың лексикалық антонимдерден айырмашылығы баяндалады. Лексикалық антонимдерде қарама қайшылық айқын көрініс тапса, ал топонимдердің бойындағы бинарлық оппозицияда қарама қарсылықтың толыққанды болмауы мүмкін екендігі сөз етіледі. Топонимдердің қарама-қайшылығы тек топонимдік мәнмәтінде танылатыны, кейде тіпті семантикалық қарама-қайшылыққа емес, мәндес жұп құрауы да ықтимал екендігі баяндалады.