Abstract:
Мақалада микроағзалар деңгейіндегі экологиялық тізбектердің құрылымын
және эволюциясын математикалық және компьютерлік модельдермен зерттеу мәселесі
қарастырылған. Биологиялық кинетика заңдары негізінде экологиялық тізбектерді
сипаттайтын бірнеше математикалық модельдер құрылып, осы модельдер көмегімен
компьютерлік эксперименттер жасалған. Бактериялардың, субстраттардың және
қарапайымдардың концентрацияларының уақытқа тәуелділігін сипаттайтын
математикалық модельдер жасалды. Mathcad пакеті көмегімен математикалық
модельдердің графиктік шешімдері алынды және талданды.
Қоректік субстраттың жүйеге ену жылдамдығы өзгерген жағдайдағы экологиялық
тізбектің күйлерінің графиктері құрылды және осы күйлер зерделенді. Mathcad
ортасында алты түрлі бактериялардың өзара бәсекелестігін сипаттайтын
математикалық модельдер жасалды. Бактерияның әр түрінің концентрациясын
сипаттайтын параметрлер белгіленді. Ол параметрге мыналар жатады:
бактериялардың қанығу тұрақтысы, қарапайымдардың қанығу тұрақтысы,
бактериялардың меншікті өсу жылдамдығының максимал шамасы, қарапайымдардың
меншікті өсу жылдамдығының максимал шамасы, қарапайымдардың өсуінің
экономикалық коэффициенті. Бактерияның концентрациясының динамикасын
сипаттайтын математикалық модельдердің графиктік шешімі талданды және
қорытынды жасалды.
Бактериялар түрлері арасындағы бәсекелестіктің динамикасын көрсететін
компьютерлік эксперименттер жасалды. Он түрлі бактериялар колониясының өзара
бәсекелестігін сипаттайтын сандық және графиктік нәтижелер алынды. Компьютерлік
программа Microsoft Visual Basic 6.0. ортасында жасалған.