Abstract:
Мақала XVIII ғасырдың соңына ала Цин патшалығының патшасы
Цяньлуннің Қазақтың Шығыс аймағына иелік еткен Ханқожа сұлтанға жолдаған
жарлық хатын арқау етеді. Бұл хат Қазақ хандығы, әсіресе оның шығыстағы көршісі
– Цин патшалығымен болған дипломатиялық қарым-қатынастарын егжей-тегжейлі
зерттеу үшін аса қажетті тарихи дереккөздердің бірі болып табылады. Жоңғарлар
жойылғаннан кейін Қазақ хандығы мен Цин патшалығы ресми дипломатиялық
қатынас орнатып, екі жақ арасындағы сауда-саттық ісі дами бастады. Осыған
орай қазақтар тарапынан көптеген хаттар жазылып жөнелтіліп отырды. Бұл
хаттар, бүгінгі таңда Пекиндегі Қытай бірінші тарихи архив қорында сақтаулы,
біз талдау жасап отырған жарлық хат та осында. Аталмыш хат Цин патшасы
Цяньлун жағынан жазылып, патша ордасына дидарласа барған қазақ елшілері арқылы
Ханқожа сұлтанға жіберілген. Хатта патша өзінің 80 жасқа толған туған күн тойы
қарсаңында құттықтай келген қазақ елшілері туралы айта келіп, оларға берілген
шен аты, тарту-таралғылар жөнінде мәлімет берген. Сондай-ақ елшілермен бірге ере
барған орынбасар елшілер мен атқосшылары да ауызға алынған. Мақалада түпнұсқа
мәтінмен бірге оған байланысты жазылған мәнжу, қытай тілді мәлімдемелер де
кеңінен талқыланғандықтан, мақаланың ғылыми құндылығын арттыра түседі.