Abstract:
Мақал-мәтелдер тіл білімі, тарих, этнография, психология, фольклористика
және тағы басқа ғылымдардың мамандары үшін үлкен мәнге ие. Әсіресе, тіл білімінің
ғалымдары үшін ерекше қызығушылық тудырады, өйткені фольклордың осы жанрында тілдің ежелгі жағдайына тән және оның даму процесінде жоғалған архаикалық құбылыстардың едәуір қабаты кездеседі. Қазақ мақал-мәтелдерінің тілі – тіл білімі үшін
құнарлы зерттеу нысаны. Бұл таңқаларлық та емес, өйткені сөз тілдік бірлік ретінде
тілдің грамматикалық құрылымын көрсетеді, ал мақал-мәтелдер көне грамматикалық және лексикалық жүйенің көптеген және алуан түрлі реликтерін өз құрамында
сақтап қалды. Сондықтан мақал-мәтелдердегі көнерген сөздер жан-жақты зерттеуді
қажет етеді. Жалпыхалықтық тілдің лексикалық және грамматикалық нормалары
бекітілген мақал-мәтелдердің тілдік ерекшеліктерін толық зерттемей және жүйелі
түрде сипаттамай, әдеби тілдің қалыптасуының тарихи заңдылықтары мен жетекші үрдістерді анықтау мүмкін емес. Бұл мақалада қазақ тілінің мақал-мәтелдерінде
кездесетін кейбір архаизмдердің шығу тегі қарастырылады. Кейбір сөздердің көнелену
себептері туралы болжамдар ұсынылған. Қазақ тіліндегі архаикалық лексикалық бірліктерінің этимологиясын зерттей келе, автор мақал-мәтелдерге архаизмдер тән және олардың шығу тегін анықтау үшін экстралингвистикалық факторларды қарастыру қажет деген тұжырымға келеді.