Abstract:
Мақалада қазақ заңгерлік дискурсындағы «қылмыс» концептісі
лингвомәдениеттану тұрғысында сараланады. Заңгерлік дискурстың қоғам өміріндегі
әлеуметтік қатынастарды реттеу және бақылау мақсатында іске асырылатыны,
қоғам мүшелерінің белгілі бір мәдени құндылықтарымен байланысты болатыны әрі
тілдің семантикалық кеңістігінде түрлі концептілік құрылымдар арқылы
тұрақталған концептілер жүйесіне негізделетіні анықталады.
Қоғамдық тәртіп пен әлеуметтік бақылаудың жалпы жүйесін анықтайтын заңгерлік
дискурс – семантикалық жағынан сараланған құрылым. Заңгерлік дискурстың
концептілері ерекше әлеуметтік құбылыс ретіндегі құқықтық жүйені
ұйымдастырады. Заңгерлік дискурстың концептілік құрамы заң концептосферасын
қалыптастырады. Қоғамдық қатынастарды әлеуметтік реттеушілер ретінде
танылатын құқықтық концептілерде кумулятивтік сипат басым болады. Құқықтық
концептілер белгілі бір ұжымның тілдік санасында таным түсініктерінің кешенді
мазмұнына ие күрделі құбылыс ретінде танылады. Бұл заңгерлік дискурстағы
құқықтық концептілерді «мәдениеттен жеке санаға бағытталу» негізінде ұлттық
мәдениеттің ерекшеліктеріне негізделген ұлттық құндылықтармен байланыста
зерттеуге негіз болады.